Ақылды, қауіпті, адал және шебер аушы құс

Жоғарыда аталған теңеулер ителгі құсының қауіпті жыртқыш екенін сипаттайды. Ителгі – сұңқарлар ішінде өте сирек кездесетін түрі, сондықтан Қызыл кітапқа енгізілген. Жойылу шегінде және табиғаттағы саны жылдан жылға азаюда.

Оның бірнеше себептері бар: бірінші кезекте, аталған құстарды араб еліне жасырын түрде, контрабанда жолымен өткізу салдарынан; екіншіден, ителгілер кеміргіштерге шашқан улармен улануынан; үшіншіден табиғаттағы жалғыз жауы- үкілердің шабуылынан; төртіншіден, адамдардың ителгінің ұяларын бұзуынан. 2019 жылдың желтоқсан айының басында ителгі сұңқарына дауыс беру арқылы Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСА) Қазақстан құстарын қорғау одағымен бірлесіп, ителгіні «Жыл құсы-2020» деп атап, келе жатқан жылдың нышаны ретінде таңдады.

Көркем әдебиеттегі ителгі туралы бірнеше қызықты деректер осы құстың сиректігін растайды.

Ителгі аң аулау кезінде жоғары жылдамдықпен ұшады, кейде сағатына екі жүз елу километрге баруы мүмкін. Аң аулағанда көз ілмес жылдамдықпен жемтігін бүйірге қатты ұрады. Жылдамдығын азайтпаса да жарақат алмайды, себебі құстың бас сүйектері қатты, буындары мықты. Сұңқарлар арасынан аң аулау үшін көбіне ителгіні қолданады, қолға үйретілген құс иесіне өте адал болады.

Ителгі өзі ешқашан ұя салмайды, тек басқа құстардың ұясын қоныстайды.  Кейде бірнеше ұяны қатарынан басып алып, ұяларға шағын «жөндеу» жұмысын жүргізеді: құрғақ бұтақтарды, кеміргіштердің терілерін, мамық жүнді төсейді де, оларда кезекпен тұрады. Сәуір айында немесе наурыз айының соңында ұрғашысы  сары, қызғылт, қызыл, қоңыр түсті үштен алтыға дейін жұмыртқа салады. Балапан шығару үшін отыз-қырық күн басып отыру қажет. Күндіз жұмыртқаларды аналығы басады,  кешке оны аталығы ауыстырады. Тәуліктің басқа уақытында аталығы еңбек етіп, аналығына қамқорлық жасайды. Балапандар мамыр айында пайда болады. Оларды ата-аналары ұсақ құстар және кеміргіштермен тамақтандырады. Ителгінің балапандары ұясында бір жарым айға жуық болады, содан кейін біртіндеп ұшуға үйренеді. Қанаттары толығымен екі айда қатаяды, содан кейін балапандары өздігінен тамақ іздей бастайды. Бұл кез шілде-тамыз айларына келеді. Құстың жыныстық жетілуі бір жасқа келеді, ителгілердің еркіндіктегі өмір сүру ұзақтығы шамамен жиырма жылды құрайды.

Жыл сайын көбейіп, ұзақ өмір сүргеніне қарамастан ителгілер жойылу шегінде.

Қазақстанда осы құстардың бірнеше жүз ұялайтын жұптары бар. Ителгі сұңқары бүкіл Қазақстан бойынша кездеседі, елдің солтүстігіндегі дала аймағын қоныстайды, Алтай мен Тянь-Шань тауларында қыстайды. Қазақстандағы ителгінің саны өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында араб елдеріне сату үшін браконьерлік аулау салдарынан күрт азайды. Араб елдерінде ителгі сұңқарын дәстүрлі аң аулауда қолданады. Жыл сайын шекарада ителгіні заңсыз түрде шет елге өткізу деректері тіркеледі. 2015 жылы ҚБСА ителгіні заңсыз трафиктің жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан түрлер тізіміне енгізді. Мақсаты-табиғатты қорғау акцияларын өткізу және насихаттау арқылы халықтың назарын ерекше қорғалатын құстарға аудару.

Менің ойымша, биологиялық орталықтың жас натуралистері қаламыздың барлық тұрғындары мен оқушылары арасында құстарды қорғау бойынша насихаттауды жүргізіп, өздері де белсене қатысулары тиіс. Осы мақалаға материал жинау үстінде мен ителгі сұңқары туралы көп жаңалықты және оның шебер де ақылды аңшы құс екеніне көз жеткіздім. Ителгі сұңқары күшті және қауіпті жыртқыш бола тұра, адамдардың қорғауы мен көмегін қажет етеді.

 

Медеуов Арман

«Табиғат және біз» үйірмесінің тәрбиеленушісі,

Султабаева Сулушаш Зедаевна,

                                                                       Семей қ. облыстық балалар биологиялық

                                                                 орталығының қосымша білім беру педагогы

Enquire now

Give us a call or fill in the form below and we will contact you. We endeavor to answer all inquiries within 24 hours on business days.