Ұлағатты ұстаз жөнінде қанша айтсанда жарасады

Әр адамның өмір жолында оған бір айтулы белгі беретін, мінез-құлқы мен дүниеге деген көзқарасын қалыптастыруға бағыттайтын адамдар кезігеді. Егер ол тұлға ұлағатты ұстаз,  қайырымды да парасатты болса, тағдырдың оңдағаны деуге болады. Осындай жаны жайсаң, еңбек сүйгіш Дядов Валерий Николаевичпен қызметтес болу біз үшін үлкен бақыт және баға жетпес дәреже! Бұл кісінің тұла бойынан нағыз ұстаз және білікті басшыға тән қасиеттер: табиғи дарын, қайсарлық, зеректілік, төзіміділік, сарқылмас күш-қуаттың көзі табылады.

Орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой: «Ұстаздың бойынан екі қасиет табылу керек- терең білім және үлкен жүрек», – деген. Валерий Николаевич жастарға дұрыс тәлім- тәрбие беретін еңбек майталманы, тамаша жетекші және сенімді дос. Қосымша білім беру саласында бір орында тұрмай, үнемі  ізденіс пен талпыныста, өнегелі еңбегі арқасында әріптестері арасында сыйлы және мақтанышына айналған жан.

Валерий Николаевичтің мерейтойының қарсаңында біз өзімізге: жоғары жетістіктерге қол жеткізе тұра, алға қарай ұмтылатын қандай басшы? – деген сауалдар қойдық.

Өмірлік жолында ұстаздық тұғырын таңдап, бір салада 50 жылдан артық адал қызмет атқаруда.

Еңбек жолын Валерий Николаевич 1966 жылы орта мектепте мұғалімдіктен бастады. 1975-1980 жылдары жұмыс комитетінің төрағасы, ауылдық кеңестің төрағасы болды.

1979 жылы Н.К.Крупская атындағы педагогика институтын тәмәмдап, «Орта мектептегі биология мұғалімі» деген біліктілік алды. 1980-1986 жылға дейін мұғалім, содан соң Маяковский атындағы мектептің директоры болып қызмет атқарды.

Валерий Николаевич- жоғары білікті санаттағы педагог, Қазақстан Республикасының білім беру Үздігі. 30 жылдан астам облыстық балалар биологиялық орталығын үздіксіз басқарып келеді.

Осы басшының арқасында 90-жылдары көзге ілінбейтін жас натуралистердің кішкене стансасы облыстық балалар биологиялық орталығы  мәртебесіне жетіп, қала және республика көлеміндегі қосымша білім берудің экологиялық көрсеткішіне айналды.

Полковничий аралындағы биологиялық орталықтың құрылуы көптеген елдер құлдырап, мемлекеттер өз басына тәуелсіздік алып жатқан уақытпен тұспа-тұс болды. 90- жылдары ұжымдарға еңбекақы бірнеше ай қатарынан берілмеді, бұл заман адамдарға да, жануарлар мен өсімдік әлемінде де тұрақсыз болды. Соған қарамастан Валерий Николаевич ұжымды жұмылдырып, оларға қамқорлық жасап, көңілдерінен шыққан табиғаттың тіршілік орталығын сақтай білді. Әрбір адаммен: тәрбиенушелермен, олардың ата-аналарымен, педагогтармен тіл табыса білу шеберлігі, адамгершілік пен парасаттылығы оң нәтижесін берді: орталық биіктен көрінді, тәлім алушылардың білімі мен тәжірибелері де жоғарылады. Орталық алаңының тазалығы да адамдарды таң қалдырды. Валерий Николаевич- барлығымыз үшін аса құрметті, ұжым қызметкерлері мен оқушыларға ақыл-кеңес беруден жалықпай келеді.

Бұл кісі туралы көп айтуға болады. Валерий Николаевич Дядов- педагогика қызметін зерттеуге зор үлес қосқан іскер басшы. Өз ісінде ғылыми әдістемелерді кеңінен қолданады, қарамағындағы қызметкерлердің кәсіби білімін арттыруға белсене араласады. Нәтижесінде бүгінгі күні шәкірттері- кәсіби білімі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, биология ғалымдары, агрономдар және қарапайым қайырымды азаматтар. Оқу-тәрбие үдерісінің әдістері мен түрлерін жетілдіруде талмай еңбек етуде, алғашқы балаларға арналған экология- биологиялық «Экоалем» журналының редакция кеңесінің мүшесі, ҚР білім беру қызметкерлерінің 4- құрылтайының делегаты, «Мұғалімдер Күні» кәсіби мейрамына арналған Мемлекет Басшысының салтанатты қабылдауының қатысушысы, ҚР білім беруді дамытудағы Парламеттік тыңдаудың қатысушысы. Басқару қызметіндегі жетістіктері үшін бірнеше мәрте ҚР білім беру министрлігінің, облыстық білім беру басқармасының және Семей қаласының білім бөлімінің Мақтау қағаздарымен марапатталды. Адал еңбегі еленіп Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен, ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен және ҚР кәсіподақ желісінен білім беруге қосқан үлесі үшін медалімен марапатталған. 2010 жылы Валерий Николаевичтің еңбек өмірбаяны «Оқу мекемелерінің үздік жетекшілері» тарауы бойынша «Дарынды балалар- Қазақстанның болашағы» деген республикалық энциклопедияға енгізілді. 2011 жылы Астана қаласында өткен білім беру қызметкерлерінің Республикалық форумына қатысты. 2012 жылы «Қосымша білім берудің үздік жүз есімі» байқауының жеңімпазы ретінде ҚР білім және ғылым министрлігінің Республикалық оқу-әдістеме орталығының дипломымен марапатталды. 2017 жылы білім беру саласына қосқан үлесі үшін ҚР білім және ғылым министрінің Мақтау қағазымен марапатталды.

1994, 1998, 2006, 2012 жылдары орталық қала, облыс және республика деңгейіндегі мектептен тыс ұйымдар арасында жүлделі орындарға ие болған. 2008 жылы балалардың жазғы демалысын ұйымдастырған ең үздік мектептен тыс ұйым атанып,  орталыққа бас жүлде «Гран-При» табыс етілді. 2011 жылы Республикалық көлемдегі «Білім ұясы» конкурсында биологиялық орталық «Қазақстан Республикасындағы ең үздік мектептен тыс ұйым» деген құрметке ие болып, Гран-При жеңіп алды сонымен қатар Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің дипломы мен кубогы берілді. 2014 жылы орталық Республикалық оқу-әдістемелік орталығы мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі желісінде «Қосымша білімнің алтын қоры» деген кітапқа енгізілді. Семей қаласының қосымша білім беру ұжымдары рейтингісінің қорытындысы  бойынша орталық бірнеше мәрте «Ең үздік қосымша білім беру ұйымы» атанып, кубок және сертификаттармен марапатталған.

Бүгінгі күнде биологиялық орталықты барлық ресурстардың қоры қамтылған ашық аспан астындағы тірі табиғаттың зертханасы деуге болады: 90-нан астам Жер шарының түпкір-түпкірінде тіршілік жасайтын құстар мен жануарлардың түрі, соның ішінде Халықаралық және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген түрлері де, сәндік гүлдер, дендрологиялық, дәрілік өсімдіктер бөлімдері, жеміс-жидекті бақша, маусымдық жылыжай, оқу-тәжірибелік телімі бар. Жыл сайын 57 үйірмеде 800-ден аса балалар оқиды. Мектеп қабырғасында биология пәніне мән бермеген оқушылар, биологиялық орталықта осы ғылыммен қызыға айналысып, белсене оқи бастайды, себебі орталықта өсімдік пен жануарлар әлемінің қыр-сырын тануға, туған жердің табиғатын зерттеуге, биология саласында терең білім алып, ғылыми жұмыстармен ұштастыруға ерекше жағдайлар жасалынған.

Қосымша білім беру педагогтары жыл сайын қалалық «Ең үздік қосымша білім беру педагогі» байқауының, «Қазақстан ұстаздары» олимпиадасының, республикалық «Қосымша білім берудің ең үздік бағдарламасы», «Әдістемелік вернисаж», облыстық және республикалық «Жыл әдіскері» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанады.

Ал орталықтың тәрбиенушілері де әр түрлі деңгейде өтетін байқаулар мен конференцияларға қатысып, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша Халықаралық конференцияның, облыстық және Республикалық жас экологтар мен өлкетанушылардың форумдарының, пәндік олимпиада және Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы тарабынан өткізілген шығармашылық байқауларында жеңіске қол жеткізіп, жүлделі орындарды иеленуде.

Валерий Николаевич ынталы, қатал және парасатты ұйымдастырушы. Қала тұрғындарының, әріптестерінің, оқушылар мен олардың ата-аналарының биологиялық орталыққа білдірген алғыстары, міндетті түрде ең бірінші орталық директорының ерең еңбегі.

Құрметті Валерий Николаевич, Сізді облыстық балалар биологиялық орталығының ұжымы мерейтойыңызбен құттықтайды! Бұл мереке- данышпандықтың, жылылық пен өмірлік бай тәжірибенің нышаны. Сіздің ұстаздық дарыныңыз, жомарттық ықыласыңыз бізге бағыт болып, барлығымыз жаңа мақсаттар мен биіктерге бірге жете берейік, Сіз- біз үшін әрқашан үлгісіз! Шын көңілден Сізге денсаулық, зор бақыт, барлық игі жақсылықты тілейміз.

Ұстазымыз – қасиетті шырағымыз,

Арналады Сізге барлық жыр-әніміз.

Сіз- бәйтерек, біз жапырақ мәңгіге,

Сізден алдық тамырлардың құнарың!

 

Игі тілекпен облыстық балалар биологиялық орталығының ұжымы

Enquire now

Give us a call or fill in the form below and we will contact you. We endeavor to answer all inquiries within 24 hours on business days.