Қыс мерзіміне раушан гүлдерін қалай дайындау керек?
Міне, күзде келіп жетті… Күн сәулесі бұрынғыдай жарық және жылы емес, дегенмен күз көрінісі ғажайып! Піскен жеміс-жидектер мен көкөністер жиналған. Енді гүлбағын суық пен аяздан қорғауға қамдану керек.
Күзде, гүлбағында таза ауада жұмыс істеп, қысқы мерзімге раушан гүлдерін баптау – күнделікті қаланың қарбалас күндерінен арылтуға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл шаршау мен депрессияны емдеудің тамаша жолы.
Көптеген адамдар гүлдерді жақсы көреді және өздерінің гүлзарларында раушандарды өскенін қалайды. Гүлдер адамзатты сұлулығымен таң қалдырады және хош иісімен баурап алады. Бірақ, гүлдердің әдемі және құлпырып гүлденуі үшін дұрыс күтімді тек көктем мен жазда ғана емес, сондай-ақ күзде де қажет етеді.
Енді күзгі маусымда раушангүлдерді қысқы мерзімге дайындаудың негізгі ережелерімен танысайық.
Бірінші ереже- топырақты тыңайту. Тамыз айынан бастап раушандарға құрамында азот бар тыңайтқыштарды қолдануды тоқтатамыз, себебі өрбіген жас өскіндері қысқы аязға шыдамайды. Осы кезеңде фосфор, калий және кальций бар тыңайтқыштарды пайдалану өте маңызды. Мысалы, тамырын нығайту үшін біз 1 шелек суға 2,5 г бор қышқылын, 25 г суперфосфат, 10 г калий сульфатын ерітеміз (бұл ерітінді шамамен 4 м2 раушан бағын өңдеуге жеткілікті). Ең бастысы, тыңайтқыштарды қолданар алдында раушан бұтағын суаруды ұмытпаңыз, сонда қоректік заттар жақсы сіңеді.
Екінші ереже – суаруды реттеу. Раушандар суды жақсы көреді, бірақ күзге қарай аптасына 1 рет қана суару керегін есте сақтаған жөн (1 раушан бұтасы үшін 1 – 1,5 шелек су). Неліктен жаздағыдай жиі суаруға болмайды, судан раушандар құлпырып өседі ғой деп ойлайтын шығарсыз. Ал шындап келгенде, гүлдерді жиі суару кезінде беткі тамырлары пайда болады да қопсытуды қиындатады. Ал қыста олар қатып қалуы мүмкін. Жаңа өскіндер пайда болмас үшін қыркүйек айының ортасында раушандарды суаруды тоқтатамыз. Жалпы, құрғақ топырақ қыстауға қолайлы. Сондай-ақ, осы кезеңде бүршіктер мен тамырларға зақым келтірмеу үшін қопсытуға да тыйым салынады.
Үшінші ереже- раушандарды кесу. Біздің аймақта, Семей қаласында, раушан бұтақтарын кесу қазан айының басында басталады. Бұл уақытта ауа-райы жылы да қатты суық та емес. Барлық гүлшоғырлар мен жапырақтарды алып тастау керек. Себебі жапырақтарда зиянкестер мен аурулардың личинкалары қалуы мүмкін, бұл кейіннен өсімдікке теріс әсер етеді. Сапалы кесу үшін өткір қайшыларды қолданып, сәл көлбеу, қиғаштап кесу керек. Кесілгеннен кейін бұтаның биіктігі шамамен 15-20 см-ге қысқа болуы тиіс. Әрине, раушан бұтасын биік қалдыруға болады, бірақ оны кейін жабу қиынға соғады.
Төртінші ереже- раушан бұтасын өңдеу. Осылайша раушан бұтасын алдын-ала әртүрлі аурулардан қорғайсыз. Өңдеуді екі кезеңмен жүргізуге болады. Бірінші кезең – темір сульфатымен өңдеу. Темір сульфаты бұтадағы вирустар мен аурулармен күреседі. Екінші кезең- инсектицидтермен өңдеу. Бұл зиянкесті жәндіктерден құтқарады. Мысалы, күркіреу, алатар, фуфанон, ақтара және т.б. сияқты препараттарды қолдануға болады. Бірінші және екінші кезең аралығы 1 күн, сонымен қатар құрғақ және желсіз ауа райында өңдеуді ұмытпаңыз.
Раушангүлін баптау жұмысының соңғы ережесі- суықтан қорғану. Ауа-райы тұрақты -50С температурада раушангүлдерді ағаш үгінділерімен жабамыз. Ең бастысы, үгінді кепкен және құрғақ болуы тиіс. Үгінділерден басқа, раушандарды, шырша бұтақтарымен, жапырақтармен, маталармен және т.б. жабуға болады. Мысалы, агротекс матасымен жабу үшін сымнан, тақтайдан немесе кез-келген басқа материалдан жасалған құрылғы қажет. Жақтаудың ұзындығы мен ені раушан бағының мөлшеріне байланысты есептеледі. Көмкеретін материал мүмкіндігінше қалың болуы тиіс, егер жұқа болса, онда 2-3 қабаттап жабу ұсынылады. Сондай-ақ жапырақтар мен бұтақтарды қолдануға болады, бірақ аса тиімді емес. Олар тез шіриді және кеміргіштер баспана ретінде пайдалануы мүмкін.
Егер сіз күзде қыс мерзіміне раушандарды жоғарыда аталған барлық ережелерді ұстанып дайындасаңыз, келесі жылы гүлдер керемет және құлпырып өседі.
Миршанова Юлия Сейтказиновна,
облыстық балалар биологиялық орталығының
қосымша білім беру педагогы
 
			 
			Меню сайта
- Новости
- Открытый бюджет
- Клуб почемучек
- Сведения об образовательной организации
- Листая страницы истории
- Коллектив центра
- Социальное партнерство
- Наши кружки
- Научно-исследовательская работа
- Организация каникулярного досуга
- Методическая работа биоцентра
- Конкурсы, акции, мероприятия
- Достижения и успехи
- Виртуальная доска почета
- Для Вас, родители!
- На страницах книги отзывов
- Экскурсионная деятельность
- Экологический вестник
- Фотоальбом
- Контакты


