Биологиялық орталықтың тәрбиенушілері Аюлар күнін атап өтті

Семей қаласындағы биологиялық орталықтың ең танымал және сүйікті  жануарлары – Гриша мен Зита – Аю күнінің басты кейіпкерлері болды. Бұл мереке дәстүрлі түрде дүниежүзінде, қыс мезгілінде, 13 желтоқсанда атап өтіледі. Алайда, бұл уақытта біздің орталықтың маймақтары қысқы ұйқыда болады, осы жайт ескеріліп, мерекені балалардың күзгі демалысының бірінші күнінде атап өтуге шешім қабылданды. Оқушылар аюларға арнап көкөністер мен жемістерден әртүрлі тәтті тағамдар дайындады.

Дәмді тағамдарды жеуге Зита шықты. Алдымен ол барлық жидектер мен жемістерді, содан кейін қоюландырылған сүт пен печенье жеді. Ал Гриша болса ұйқы құшағында жатқандықтан, балаларды қуанта алмады. Дегенмен, жас натуралистер Гришаның үлесін кешкі аста беру үшін қалдырды.

Балалар аюларды құнарлы да нәрлі тағамдармен қоректендірді. Қысқы ұйқыға кетер алдында аюларды жақсы тамақтандыру қажет, себебі ұзақ та суық қысты еңсеру үшін оларға күш-қуат керек.

Балалар арасында танымдық викторина ұйымдастырылды, онда олар жабайы табиғаттағы аюлардың түрлерін және сүйкімді маймақтар өміріндегі қызықты деректер туралы білімдерін толықтырды.

Сондай-ақ, Гриша мен Зита аюлары Семей қаласындағы биологиялық орталықта 23 жылдан астам өмір сүріп келе жатқанын атап өткен орынды. Гришаны Семей қаласына Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданынан 1993 жылдың мамыр айында алты айлық кезінде алып келген. Ал Зита 1997 жылы Новосибирск хайуанаттар бағынан біздің орталыққа қоныс аударған. Бұл мереке аюларға да балаларға да қуаныш сыйлады.

Enquire now

Give us a call or fill in the form below and we will contact you. We endeavor to answer all inquiries within 24 hours on business days.