Сарышымшық күні

Ежелгі заманнан Ресейде 12 қараша Сарышымшық күні аталып келеді. Бұл күні біз биологиялық орталықта құстарға жемшашарлар дайындап, қыстайтын құстарға жемдер жинаймыз. Неліктен сарышымшық күні аталған? Себебі Ресейде сарышымшық киелі құс саналады. Суық басталысымен сарышымшықтар қорегін табу мақсатында тұрғын үйлерге жақындай бастайды.

Сарышымшық соңынан суықторғайлар, қайшыауыздар, көктекелер, пайызторғайлар, самырқұстар ұшып келеді. Ал біз қанатты «қонақтарымызды» жылы шыраймен қарсы алып, қонақжайлық көрсетуге тиіспіз. Сарышымшық  күнінің тарихы тереңнен басталады. Адамдар бөтегесі сары шымшықтарды үйге бақыт әкеледі деп сенген, сондықтан оларды әрқашан өз үйлеріне жақындатуға тырысқан.

Сарышымшықтар торғайтәрізділер тұқымдасына жатады, Орталық және Солтүстік Азияда, Таяу Шығыста және Еуропада кең таралған. Сарышымшық отбасының өкілдерін тіпті Солтүстік Африкада да кездестіруге болады. Барлығы 60-тан астам түрі бар. Сарышымшықтар сөзсіз ең белсенді жәндік жойғыштарының бірі болып саналады. Себебі олар өте қомағай және тамақ таңдамайды. Бұл кішкентай құс үнемі тамақты сіңіру процесінде болады және басқа құстар жемейтін жәндіктерді жейді. Бір күнде ол өз салмағынан көп тағамды жей алады, ал жаз мезгілінде елуге жуық жәндіктерді құртады!  Сондықтан біз қыс мезгілінде оларға қамқор болуымыз керек.

Жыл сайын Сарышымшық күнінде жас натуралистер қыстайтын құстарды қарсы алады және олардың ерекшеліктерімен таныс болатын іс-шаралар ұйымдастырамыз. Жемшашарлар дайындаймыз, құстар туралы өлеңдер айтамыз, тақпақтар оқимыз, жұмбақтар шешеміз, ойнаймыз және қыстайтын құстарды тамашалаймыз. Құстарға арнап шағын дастархан жаямыз, әр түрлі дәрумендер қосындысынан тәтті қоспалар дайындаймыз. Балалар тағамдарды аса құлшыныспен әртүрлі пішінде қуана дайындайды. Іс-шара соңында бірігіп жемшашарларды ағаштардың басына ілеміз және қанатты достарымызды  тәттілермен қуантамыз. Осы күннен бастап біздің жас натуралистердің қыстайтын құстарға қызықты фенологиялық бақылаулары басталады. Егер сіз өз үйіңіздің аумағында жемшашар орнатқыңыз келсе, құстарға зиян тигізбей,  суық қыстан аман шығуын ойластырыңыз. Жанашыр адамдар жемшашарларға көбіне нанның ұсағын салады, ал құстарға нан пайдалы қорек емес! Құрамында ашытқы болғандықтан нанды беруге болмайтындығын  көпшілігі білмейді. Құстар  нанды жегенде үгіндінің жартысы жұтқыншағында қалып қояды. Нан құрамындағы ашытқы божу салдарынан, құстарды ауруларға, тіпті өлімге соқтыруы мүмкін! Сонымен қатар, тыйым салынған өнімдер тізіміне тұздалған май және аз мөлшерде болсын тұзы бар кез-келген тағамдар жатады, қуырылған пісте бауырға теріс әсер етеді, мерзімі өткен тағамдар, экзотикалық жемістер аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Қыста құстарға ең пайдалы тағамдар қатарына: шикі пістелер, тұздалмаған май, жармалар (күріш, сұлы, тары, арпа), ұсақталған бидай, кептірілген жидектер мен жемістер жатады. Көріп отырғаныңыздай, сарышымшықтарды дұрыс тамақтандыру қиын емес. Қамқорлық танытып, құстарға арнап жемшашар ілсеңіз, қыста сарышымшықтар сіздің үйіңізге қуаныш пен сәттілік әкеледі. Әлемнің табиғи алуантүрлігін бірігіп сақтайық. Біздің кішкентай қанатты достарымыз- табиғаттың бір бөлігі екенін естен шығармайық!

 

Бажакова Диана Токтагановна,

облыстық балалар биологиялық орталығының  қосымша білім беру педагогы

 

Enquire now

Give us a call or fill in the form below and we will contact you. We endeavor to answer all inquiries within 24 hours on business days.