Инкубатор жағдайында қара жолақты цихлазоманың көбею ерекшеліктері

Қара жолақты цихлазомалар – тропикалық балықтар, олар аквариумдағы басқа балықтар арасында жолақтарымен ғана емес, сонымен қатар жұптасу және мінез-құлқы ерекшеліктерімен танымал. Цихлазомалар ұрпақтарына аса қамқорлық жасайтын балықтар қатарына жатады. Қара жолақты цихлазома жұптарын жастайынан құрады және таңдаған жұбына адал. Осы құбылысты бақылау мақсатында жеке кәсіпкерден анықталған 9 жұп балықтарды сатып алып, цихлидтердің басқа түрлерімен ортақ аквариумға орналастырдық.

Үйірме жетекшісімен бірге инкубатордағы уылдырықтардан қара жолақты цихлозоманың көбею ерекшеліктерін зерттеу үшін өзекті тақырыпқа әдістеме жасадық. Ортақ аквариумда ересек балықтар шабақтарын қорғайтынына қарамастан, көбі уылдырық немесе шабақ кезінде басқа балықтарға жем болатынын ескеріп, оларды инкубаторда көбейтуді жөн көрдік.

Көбею циклінде ұрғашысы бастаманы қолға алады. Уылдырықтарды мұқият тазартылған қабыршаққа салады, содан кейін еркегі қызғылт түсті уылдырықтарды ұрықтандырады, осы сәттен бастап екеуі бірдей күзетеді және өте ашушаң болады. Кез-келген бұзушыларды аумақтың шетіне дейін қудалайды. Бірте-бірте уылдырықтардың түсі сұр-мөлдір түске өзгерді. Уылдырық шашқаннан кейін үш күн өткен соң ұсақ шабақтар пайда болды. Бірнеше күн бойы олар сары қабыршақтағы сұйықпен тамақтанды, содан кейін ата-аналарының бақылауымен тағамдарын іздеп жүзе бастады, бірақ қандай да бір қауіп төнсе ересек балықтар шабақтарды жақын маңдағы баспаналарға жасырады.

Уылдырық шашқаннан кейін бірден жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін біз ұрықтандырылған уылдырықтың бір бөлігін субстратпен бірге су деңгейі 28-30 см, көлемі 50 литр арнайы жабдықталған аквариумға ауыстыруды шештік. Ол алдымен инкубатор, содан кейін «перзентхана» рөлін атқарады деуге болады. Суды уылдырық шашқан аквариумнан алдық. Инкубаторға аэрация нүктесі деп аталатын қондырғы орнатып, суға шамалы ас тұзын қостық. Сонымен, балықтарды көбейтуге арналған тәжірибеміздің оң нәтижелі болуына жауапкершілікті өз мойнымызға алдық.

Зерттеу тақырыбы бойынша әдеби дереккөздердегі ұсыныстарға сүйене отырып, қара жолақты цихлозоманың көбею сатыларына сырттай және фенологиялық бақылаулар жасадық. Уылдырықтан бастап шабаққа айналғанға дейінгі көбею ерекшеліктері туралы мәліметтер, олардың жемдері мен температураға қойылатын талаптар ескерілді.

Алдын – ала жүргізілген жұмыстар: 2021 жылдың 29 наурызынан бастап аквариумда 200 литр су ауыстырылды; аквафильтр көмегімен уылдырық шашу үшін судың қажетті гидрохимиялық параметрлері- кермектілігі 12°, қышқылдығы 7,2 деңгейлер белгіленді; жылытқыштың реттегішін қолдана отырып +28°C температура деңгейі сақталынды; қара жолақты цихлозоманың уылдықтарын инкубациялау үшін 50 литрлік бөлек аквариум дайындалды, оның ішіне алғашқы кезде уылдырықты сақтау үшін инкубатор ретінде 1 л пластикалық бөтелке орналастырылды; тұрақты аэрация болу үшін компрессор қолданылды.

Уылдырықтардың бір бөлігін үлкен аквариумнан инкубаторға 2021 жылдың 5 сәуірінде ауыстырдық. Күнделікті бақылау барысында инкубатордағы белсенділік балықтардың көбею мерзіміне сәйкес келетінін анықтадық. 2021 жылдың 9 сәуірінде уылдырықтар жетіліп, бөтелкенің ішінде жүзе бастады. Уылдырықтардың көз ұяшықтары өте жақсы дамыды. Сары қапшық- олардың азық қоры болды, бір күннен кейін олар бөтелкеден аквариумға өздігінен шықты және тамақ іздеп белсенді жүзе бастады, өйткені сары қапшықтары біртіңдеп босап қалды. Алғашқы уақытта оларға тірі тағам қажет, сондықтан біз алдын-ала даярланған шаяндарды жем ретінде пайдаландық. Күніне 3 рет 1 мл щрицтің көмегімен біз уылдырықтарды тірі шаян тәрізділермен тамақтандырдық. 2021 жылдың 15 сәуірінде уылдырықтардың сары қабыршақтары толықтай жойылды. Салған уылдырықтың 30-дан астамдары тірі қалды. Бір күннен кейін олардың иммунитетін көтеру үшін жұмыртқаның сарысымен тамақтандырдық. 2021 жылдың 2 мамырында шабақтарға 1 ай, 2 маусымда 2 ай болды, денесінің ұзындығы 1 см-ге жетті. 2021 жылдың 2 шілдесінде 3 айға толғанда, олардың денесінде болмысына тән жолақтар пайда бола бастады. 5 айында денесінің ұзындығы 2 см-ге жетті. Барлық шабақтар белсенді және ересек балықтарға ұқсас. Сөйтіп біз инкубаторда уылдырықтардан ата-анасының көмегінсіз 12 шабақтарды өсірдік. Тәжірибе аяқталды, алдымызға қойылған мақсатқа қол жеткіздік.

Тәжірибенің құндылығына тоқталсақ, ШҚО Семей аймағында инкубатор көмегімен әр түрлі ақуыз жемін қолдана отырып, қосымша сүзгі көмегімен инкубатордағы судың аэрациясын және судың тұрақты жылу режимін +24◦С-тан +28◦С-қа дейін, сондай-ақ бөлме температурасы +22◦С-тан төмен емес температурада сақтай отыра аквариум балықтарының осы түрінің ұрпақтарын ата-аналардан бөлек өсіруге және асырауға болатындығына көз жеткіздік.

 

Авторлары: Кенесбеков  Садияр, Шамсутдинов Руслан

 «Мен зерттеушімін» үйірмесінің жас натуралистері.

Жетекшісі: Султабаева Сулушаш Зедаевна,

ШҚО, Семей қ. облыстық балалар биологиялық

орталығының қосымша білім беру педагогі

 

Enquire now

Give us a call or fill in the form below and we will contact you. We endeavor to answer all inquiries within 24 hours on business days.