Биологиялық орталыққа келушілер «Биологиялық орталыққа келушілердің мінез-құлық ережелерін» сақтауға және орталықтан кеткенге дейін сатып алған билеттерін жоғалтпауға, қажет жағдайда орталық қызметкерінің талабы бойынша билеттерін көрсетуге міндеттенеді 

Биологиялық орталықты аралау ЕРЕЖЕСІ

Биологиялық орталықты тірі табиғат мұражайы деп айтуға болады, орталықтың негізгі мақсаттарының бірі- Қазақстанның және басқа да континенттердің орасан мемлекеттік құндылығы бар жабайы және үй жануарларының коллекцияларын жасанды жағдайда сақтау болып табылады.

Биологиялық орталық – қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізетін сүйікті орындарының бірі. Көңіл көтерумен қатар  мұнда қызықты танымжорықтар өткізіледі, жасөспірімдерді табиғатты сүюге және аялауға, кітаптардағы жануарлардың суреттерін тірі жануарлармен салыстыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде баланың бейнелеу өнерін дамытуға, зоология және география бойынша  білімдерін тереңдетуге үлесін қосады.

Айта кететін жайт, келушілердің барлығы бірдей биологиялық орталықтың қауіптілігі жоғары объектілер қатарына жататынын және зоологиялық бақтағыдай қатаң бағыну ережелері барын біле бермейді! Жабайы жануарларға күтім көрсететін ұйымдардың барлығы үшін мінез-құлық ережелері бірдей. Белгіленген ережелерді сақтамаған адам өзінің және балалардың өміріне ғана емес, жануарлардың да тыныштығын бұзып, қауіп тудыратынын түсінуі маңызды.

Ата-аналар балаларын бір сәт болсын көзден таса қалдырмауы тиіс,  бақылауды әлсірету- баланың өміріне қауіп төндірумен тепе-тең екенін ұмытпаңыз!

Орталық ережелеріне сәйкес жылжымалы көлік құралдарын қолдануға болмайтынын ескертеміз. Биологиялық орталық дөңгелекті гаждеттерді (гироскутерлерді, сигвейлерді), сондай-ақ самокаттарды, скейтбордтарды, роликті конькиді, велосипедтерді пайдалануға арналған орын емес екенін естеріңізге саламыз. Сәбилер арбасы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі мүгедектер арбасына ғана рұқсат етіледі.

Жануарлар тұратын қаумалдарға, құстар жүзетін бассейнге қоқыс лақтырмаңыздар! Орталық аумағында қоқыс тастайтың жәшіктер жеткілікті.  Сондай-ақ сіздер үшін жасыл желектер, ағаштар, әдемі гүлдер егіліп, көгалдандырылған. Өтініп сұрайтынымыз, ағаш бұтақтарын сындырмаңыздар, гүлдерді жұлмаңыздар, көгалды басып жүрмеңіздер!

Орталыққа келушілер көп жағдайда жануарларды жүгері таяқшаларымен және ақ нанмен тамақтандырады. Аталған тағамдар  жануарларды асқазан-ішек ауруларына шалдықтырып, тіпті өліміне әкелетінін біле бермейді. Осы сұрақ бүгінгі күнде өзекті мәселеге айналды. Ақ нан және жүгері таяқшаларын орталық аумағына алып кіруге және жануарларды қоректендіруге қатаң ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ!

Қаумалда тұрған жануарларға келушілердің айғай-шуы кері әсерін тигізеді. Өздеріңізге жануарлардың назарын аудару мақсатында қатты айғайлап немесе әртүрлі зат лақтырып, таяқпен түртпеңіздер.

Арнайы қоршау мен қаумалдар жабайы жануарлардан адамдарға қауіп төнбес үшін орнатылған. Егерде осы қағиданы сақтамасаңыз тікелей қауіпке соқтыруы мүмкін. Жыртқыш жануарларды қандай жағдайда асыраса да жыртқыш болып қалатынын ұмытпаңыздар! Жыртқыштар тұратын қаумалдарға, торларға кірмеңіздер, сүйенбеңіздер, қолдарыңыз бен саусақтарыңызды сұқпаңыздар және балаларға да осы іс-әрекеттерді жасауға жол бермеңіздер.

Жануарлардың адамдармен достық қарым-қатынасқа әрдайым дайын емес екенін есте сақтаңыз. Сіздің кейбір қимыл-қозғалысыңыз оларды тітіркендіріп не  алаңдатуы мүмкін. Сондықтан, жануардың назарын қатты дауыс көтеріп немесе қимыл-қозғалыспен аударудың қажеті жоқ.

Орталыққа келгенде жүріс-тұрыс ережелерін сақтап, жануарларды асықпай тамашаласаңыз, жағымды әсер аласыз. Сонымен қатар табиғаты көркем аймақта жануарлармен қарым-қатынаста өткізген сәтіңіз сіздің жадыңызда ұзаққа сақталады.

Осы ереженің кез келген талабын бұзу- келушіні биологиялық орталық аумағында одан әрі болу құқығынан айыру үшін негіз болып табылады.

Осы ережені бұзуға жол берген тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Бағасы
3 жастан 15 жасқа дейін балаларға  100 теңге.

Ересек адамдарға  200 теңге.

Биологиялық орталыққа тегін кіруге келесі санаттағы азаматтар құқылы:

  • 3 жасқа дейінгі балалар;
  • ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер, ауған соғысының қатысушылары (тиісті құжатты көрсеткен жағдайда);
  • әскери қызметін жедел өтеушілер (әскери билетті көрсеткен жағдайда);
  • 1, 2 топтағы мүгедектер (куәлік көрсеткен жағдайда);
  • мектепке дейінгі, мектеп, орта және жоғары оқу орындарынан балалар тобын алып жүретін адам (тәрбиеші, сынып жетекшісі, мұғалім, куратор), 15-20 адамға 1 еріп жүретін адам есебінен;
  • балалар үйлерінің, оңалту және сауықтыру орталықтарының, интернаттардың тәрбиеленушілері.

Ескертпе: растайтын құжаттар – адамның көмекке мұқтаж екендігін дәлелдеуге негіз болып табылады.