ТІРІ ТАБИҒАТ БҰРЫШЫН ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ ҮШІН ҚОЛДАНУ

Балаларға экологиялық білім беру – бүгінгі таңның өзекті мәселесі, қазіргі заманда өмір сүріп жатқан адамдардың экологиялық дүниетанымы мен мәдениеті ғана ғаламшар мен адамзатты туындаған қауіпті жағдайдан құтқара алады.

Экологиялық білім баланың жеке дамуы тұрғысында да маңызды- білім беру мекемелерінде экологиялық мәдениетті адамдардың басшылығымен дұрыс ұйымдастырылған және жүйелі түрде жүргізілетін сабақтар баланың ақыл-ойына, сана-сезіміне пайдасын тигізеді.

Табиғат әлемінің сыры балалардың жан-жақты дамуына зор үлесін қосады. Үйлесімді оқу сабақтары, серуендеу, табиғаттың алуантүрлі құбылыстарына жүргізілетен бақылаулар – баланың сезіну қабілетін дамытады, сондай-ақ қоршаған ортаның өзгерістерін байқауға үйретеді. Ересек адамның экология туралы оң әсерінен бала қоршаған орта туралы білімін тереңдетіп, табиғатты қорғауға және зиян келтірмеуге ынталанады.

Табиғаттың тәрбиелік маңызы баға жетпес байлық. Табиғатпен тіл қатысу адамды мейірімділікке баулиды және оның барлық жақсы қасиеттерін оятады. Әсіресе табиғаттың балалар тәрбиесіндегі маңызы зор.
Облыстық балалар биологиялық орталығында балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған. Үйірмеге қатысқан балалар жыл мезгіліндегі өзгерістермен танысады. Алған білімі негізінде табиғат құбылыстарын шынайы түсінуге, бақылауға, логикалық ойлауға, тіршілікке эстетикалық тұрғыда қарауға дағдылары қалыптасады.

Балаларды табиғатпен таныстыруға және сүйіспеншілікті тәрбиелеуге жер шарының әр түрлі құрлықтарының 90-ға жуық жануарлары мен өсімдік әлемінің 150 түрлерін қамтыған биологиялық орталықтың табиғат бұрышы көмектеседі.

Табиғат бұрышын мекендеушілерді (теңіз шошқалары, атжалмандар, тасбақалар) балалар күнделікті көреді, педагогтың жетекшілігімен жүйелі түрде тірі жануарларды бақылайды және тамақтандырады. Оларға күтім көрсету барысында өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің алуан түрлілігі, олардың өсіп-дамуы үшін қолайлы жағдай туғызуы туралы түсінік алады. Педагог балаларды салыстырмалы талдауға үйретеді: жануарлар мен өсімдіктерді салыстыра отырып, олардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды табуға, жануарлардың сыртқы пішіні мен мінез-құлқының қызықты ерекшеліктерін байқауға. Бөлме өсімдіктерін тамашалау кезінде балалардың назарын гүлдер мен жапырақтардың әдемілігіне, гүлдермен бөлмелерді безендіру, аквариумға қандай өсімдіктер қолдану жөнінде де мағлұмат алады. Осының барлығы балалардың әсем талғамын қалыптастыруға ықпалын тигізеді.

Баланың тірі табиғатпен қатынасы негізінде үлкеннің кішіге деген ілтипаты жатыр (баланы өсімдіктер мен жануарларды аялауға, оларға қамқор болуға жетелейді).

Сонымен қатар тірі табиғат бұрышы зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға да жол ашады. Мұнда эксперименттер жүргізуге, жануарларды бақылауға, ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша тәжірибелер жасауға мүмкіндік бар. Соңғы жылдарың ішінде «Жас натуралист», «Орнитология», «Зоология» үйірмелерінің оқушылары келесідей зерттеу жобаларын орындады: «Су асты өмірінің кепілдігі ретінде жасанды экожүйенің биологиялық тепе-теңдігі», «Еріксіз жағдайдағы толқынды тотықұстардың көбею ерекшеліктері», «Тепкілі бақаның өсуі мен дернәсілдің дамуына жарықтың әсері», «Сәндік қоянның өмір салты мен мінез-құлқының ерекшеліктері», «Неліктен теңіз шошқасы деп аталады?», «Атжалманды дыбыстық белгі арқылы рефлекстік шарттарға үйрету», «Кәдімгі тиінді асырау және күтім көрсету», «Ахатин ұлуы негізінде омыртқасыздардың құрылымын, мінез-құлықын, тамақтану ерекшеліктерін және көбеюін зерттеу».

Осылайша, тірі табиғат бұрышы өсімдіктер мен жануарларды ұстау орны ғана емес, сонымен қатар оларды бақылау және оқу сабақтарын өткізу орны болып табылады. Тірі табиғат бұрышын ұйымдастыру өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеудің бір бөлігі болып табылады және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастырады.

Елемесова Айгерим Талгатовна-
Семей қаласының облыстық балалар биологиялық
орталығының қосымша білім беру педагогы

Enquire now

Give us a call or fill in the form below and we will contact you. We endeavor to answer all inquiries within 24 hours on business days.