Қысқы ертегіге саяхат

Жаңа жыл қарсаңында Бейбітбітшілік аралының табиғат көрінісі көз тартарлық тамаша. Айналадағы аппақ қар күн сәулесімен шағылысып, шоқ гүлдері сияқты саналуан түрге боялады. Баяу соққан жел сыбызғының нәзік үнін жеткізеді. Жеңіл, үлпек, мамық қар өрнек тоқығандай. Ағаштарды ертегідей күміс қырау басқан, жұлдыз шашқандай ағаштарды тербеткін келеді.

Қазір құстардың сайраған әндері, жәндіктердің ызылдағаны және жапырақтардың желбірегені байқалмаса да қыстың өзіндік сұлулығы мен ағаштардың аяздан тырсылы естіледі. Табиғат жылы мамық көрпеге оранып, еркелеп жатқандай. Қардың аппақ сұлулығынан басқа ештеңе қажет емес.

Биыл қыс біздің өңірге асықпай келді. Қалада қар көп емес, жауған кездің өзінде, қала сыртындағыдай емес, тез еріп кетеді. Мен үшін ертегі әлеміне қыстың қақпасы аралға баратын Ертіс өзені үстіндегі көпірден басталады. Мұз боп қатқан өзеннің үсті інжу сияқты жылтырап жатады.

Ары қарай қар жамылған қоңырқай ағаштардың иілген бұтақтары бір-бірімен жалғасып жатыр. Олардың айналасында шұбар шымшықтар шықылықтап қорегін іздеуде, ал тоқылдақтар болса бар күшімен ағаштарды тоқылдатуда. Сондай-ақ суықторғайларды, жауторғайларды, сарышымшықтарды, кептерлерді, кәдімгі көктеке мен самырқұстарды кездестіруге болады. Олардың тыныштығы бұзылса, құстар тобымен ұшып, ағаштан – ағашқа ұшып қонақтайды.

Бұл әсем көрініске қарап, өмірдің рахатын сезінесіз. Аралдың тарихта алатын өзіндік орны бар. Оның әрбір бұрышы бізді таң қалдыруда.

Биологиялық орталықтың «Дәрілік өсімдіктер әлемі» үйірмесі жас натуралистер үшін «Қыстайтын құстар» атты танымжорық ұйымдастырды. Танымжорық және өткізілген сабақтар нәтижесінде табиғаттың қысқы құбылыстары, біздің өңірде қыстайтын құстар туралы мәліметтер жинадық, олардың азық-жемдерін зерттедік, құстарға жемсауыттар жасап, биологиялық орталықтың аумағындағы ағаштарға орнаттық. Қыстайтын құстарға фенологиялық бақылаулар жүргізуді бастадық. Қысқы уақытта құстар табиғи сақтығын жоғалтады, өйткені олардың басты міндеті – азық табу. Құстардың өзіне  адамдарды жақындату қашықтығын есептедік, бұл үшін дүрбіні  пайдаландық. Оларға азықтар дайындап, қандай жемді жақсы көретіндерін бақыладық.  Сарышымшықтар күнбағыс дәндерін жақсы көреді, ал сауысқандар ең алдымен ақ нанның ұсағын шоқып жейді. Тамақтардың құндылығын арттыру үшін тұздалмаған май қостық. Тұздалмаған майды шикі күйінде жармамен араластырып бердік, бұл қоспа құстардың сүйікті тағамына айналды. Ал бидай жармасы құстар үшін ірі болғандықтан, оны ұсақтадық. Бұл жұмыс бізге өте қызықты. Күнделікті жемсауытты азықпен толықтырамыз және «құс асханалары» бос болмауын, сонымен қатар жемсауыттарды қар басып, желмен ұшырып кетпеуін қадағалаймыз, азықтың сапасына да көңіл бөлеміз, өйткені бүлінген жемнен құстар ауырып қалуы мүмкін. Сондай-ақ құстар ағаштардың жемістерімен де қоректенеді. Самырқұстар мен суықторғайлар шетен жемісін жақсы көреді. Бұл құбылысты биыл 21 қарашада байқадық. Бұл қараша айының ең суық күні болды, ауа райы бұлттанып, далада 26 градус аяз тұрды.

Құстармен қатар жануарлар мен аңдар туралы, олардың қыс мезгіліндегі дағдыларын, жауларынан қорғану тәсілдерін, азық табу амалдарын білдік. Ең алдымен байқағанымыз, қыста көптеген жануарлар жылы «қысқы тоң» киеді, яғни олардың жүндері қалың өседі.

Табиғат арасындағы әр танымжорықтан бойына күш-қуат жинайсын. Биологиялық орталық мен үшін қаладағы ең сүйікті табиғат бұрышы. Енді қоршаған орта туралы жаңа білімге қонаққа бару үшін келесі сабақты асыға күтемін.

Данабекова Алина
«Дәрілік өсімдіктер әлемі» үйірмесінің тәрбиеленушісі
Ахметова Іңкәр Ерланқызы,
Семей қ. облыстық балалар биологиялық орталығының
қосымша білім беру педагогы

Enquire now

Give us a call or fill in the form below and we will contact you. We endeavor to answer all inquiries within 24 hours on business days.